2026 жылғы 20–21 маусым күндері спорттың әртүрлі түрлері бойынша еліміздің ең мықты газ саласы спортшыларын біріктірген «QazaqGaz» ҰК АҚ Спартакиадасы өтті. Жарыс қорытындысы бойынша біздің команда серіктестіктің біртұтас ұжымы ретінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үш алтын медаль жеңіп алды.
Жүзу жарыстарында Айжан Бексұлтанова сенімді жеңіске жетті. Әйелдер арасындағы 40–44 жас санатында 400 метр қашықтықта бірінші орын алып, жоғары спорттық шеберлігін көрсетті.
Жеңіл атлетика бойынша ерлер арасындағы 35 жастан жоғары санаттағы 800 метр қашықтыққа жүгіру сайысында Бауыржан Қартжанов алтын медаль иеленді. Тамаша дене дайындығы мен нәтижеге деген ұмтылысының арқасында ол өз дисциплинасында үздік атанды.
Команда қоржынына тағы бір алтын медальді әйелдер арасындағы шахмат жарысының жеңімпазы Ирада Әбішева салды. Сенімді әрі сауатты ойынының арқасында ол бірінші орынды иеленіп, жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуі – олардың табанды еңбегінің, мақсаткерлігінің және жаттығу үдерісіне жауапкершілікпен қарауының нәтижесі. Жеңіп алынған марапаттар – бүкіл команданың лайықты жетістігі және қатысушыларымыздың жоғары әлеуетінің айқын көрінісі.
Әріптестеріміз Айжан Бексұлтанованы, Бауыржан Қартжановты және Ирада Әбішеваны лайықты жеңістерімен құттықтаймыз!
Бұл жеңістер оларға QazaqGaz құрамасының сапына еніп, «Самұрық-Қазына» АҚ Спартакиадасында жоғары нәтижелер үшін бақ сынауға мүмкіндік береді. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда толағай табыстар, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейміз!